Главная Обратная связь

Дисциплины:






Тан әулеті тұсындағы Қытайдың әкімшілік-басқару жүйесін сипаттаңыз.



VII ғасырдың екінші ширегінде орталық билікті өз ықпалында ұстап отырған «Гуаньлун тобы» оппозициялық əскери-саяси топтардың қарсылығына тап болды. Ол топтардың ішіндегі күштісі «Шаньдун тобы» еді. Оның мүшелері жаңадан байып келе жатқан қарапайым халықтың ішінен шыққан қызметкерлер болатын. Екі топтың теке-тіресі Ли Ши-минді тектік тізімді қайта қарауға мəжбүр етті. Жоғары лауазымды қызметке тағайындалу үшін мемлекеттік емтихан тапсырып, конкурстан өту тəртібі енгізілді. Енді шыққан тегіне қарай емес, білімі мен қабілетіне, іскерлігіне қарай қызметке қабылдау ережесі бекітілді. Шенеуніктер 9 категорияға бөлінді. Əр категория өз дəрежесіне сай жер үлесін иемденді. Орталықтандырылған өкімет 6 министрліктен тұрды. Жергілікті жерлерді губернаторлар басқарды. Облыстар округтерге, округтер-ауылдарға бөлінді. Ауылдың өзі 5 үйден тұратын аулаға (линь) бөлінді. 5 аула бір лиді құрады. VIII ғасырдың 30- жылдары Тан империясының 6 кодекстен тұратын заңдары құрастырылып, 763 ж. салық жүйесіне өзгерістер енгізілді. Енді салық мүлкінің мөлшеріне, байлығына қарай салынатын болды. 780 ж. бірінші министр Ян Яньның ұсынысы бойынша бұрынғы үлестік шаруалар атқаратын «үштік міндеткерліктерді» жою туралы заң қабылданды. Ол заң ірі жер иелеріне қарсы бағытталды. Мемлекеттік аппарат жерді қайта бөлуден, шаруаларды жер үлесімен қамтамасыз етуден бас тартып, шаруалар мен жерді «жұтып қоюмен» күресуді тоқтатты. Енді салық бір көрсеткіш бойынша ғана— мүліктің мөлшеріне, жердің көлеміне қарай салынатын болды. Салық төлеушінің жасы мен жұмысқа жарамдылығы есепке алынбады. Империяның экономикасының негізін жақсы дамыған ауыл шаруашылығы қалады. Ян Янь реформасы деп аталған бұл заң бұрын салықтан босатылғандарды немесе жасырынып жүргендерді салық төлеушілер қатарына қосып, айрықша есепке алды. Салық төлеушілер қатары қала тұрғындарының, яғни саудагерлер мен қолөнершілердің, шенеуніктердің есебінен өсе түсті. Салық төлеудің екі кезеңі белгіленді: жазда жəне күзде. Салық ақшамен де төлене алатын болды. Мұндай тəртіп «қуатты үйлер» мен помещиктердің берекесіне тиген ауыр соққы болды. Ян Янь реформасы жерді сату-сатып алу еркіндігін бекітті. Бұл реформа үлестік жүйенің құлдырауын, жерге жеке меншіктіктің орнау жеңісін мойындау болды. Бұл реформадан кейін елде жүз жылдай уақытқа тыныштық орнады. Сөйтіп, VIII ғасырдың 80-ші — IX ғасырдың 70- жылдары —Тан империясының экономикалық даму, гүлдену жылдары болды. Империяның халқының саны 60 миллионға жетті.



6.Сун әулетінің билікке келуі, оның елде саяси тұрақтылық орнату жолындағы шаралары.

IX ғасырдың соңғы ширегіне қарай ел ішінде өкіметке қарсы наразылық қайта өсе бастады. Ол наразылық ақыры көтеріліске əкеліп соқты. 874 ж. Қытайдың солтүстік шығысында шаруалар көтерілісі басталды. Оны алғаш тұз сатумен айналысатын ұсақ саудагер Ван Сянь Чжи басқарды. Көтерілісшілер Шаньдун провинциясының біраз қалаларын басып алды. Шаруалардың жеке отрядтары көп ұзамай үлкен армияға бірікті. 878 ж. кезекті бір шайқаста көтерілісшілер армиясының қолбасшысы Ван Сянь-чжи қаза тапты. Енді басшылық оның орынбасары Хуан Чаоның қолына көшті. 881 ж. 10- қаңтарда астананы басып алған көтерілісшілер Хуан Чаоны император деп жариялады. Хуан Чао ауыр салықты жойды, кедейлер мен көтеріліске қатысушыларға императордың қамбасынан астық бергізді. Көтерілісті басу үшін император солтүстіктегі көшпенділерді көмекке шақырды. Хуан Чаоның əскері 883 ж. 20- мамырда Чанъань қаласынан қуылды. 884 ж. Хуан Чао қаза тапты да, көтеріліс негізінен басылды. Онан əрі көтеріліске Хуан Чаоның жиені Хуан Хао басшылық жасады. Бұл көтеріліс 901 ж. толығымен басылып, елде тыныштық орнай бастады. 907 ж. Тан əулеті тақтан тайдырылды. Сол жылы Чжу Вэнь сарай төңкерісін жасап, соңғы Тан императорын құлатты. Осы жылдан бастап тарихқа «бес əулет жəне он патшалық» деген атпен енген кезең басталды. 960 ж. Қытай Сун əулетінің (960—1279) қол астына біріге бастады. Ол əулеттің негізін Чжоу патшалығының талантты қолбасшысы Чжао Куан инь (927—976) калады. Жаңа əулеттің астанасы алғаш Бянь (қазіргі Кайфын), кейін — Шығыстағы Ханчжоу қаласы болды. Өкімет жаңа көтерілістерге жол бермей, қаңырай бастаған мемлекеттік қазынаны аз да болса толықтыру үшін реформалар жүргізуге мəжбүр болды. Ол реформаны 1069—1074 жж. Сун əулетінің министрі Ван Ань-ши жүргізді. Реформа бойынша алдымен жер үлестері қайтадан есепке алынды. Қызметкерлер жер иеліктері үшін салық төлеуге міндеттелді. Ван Ань-ши сонан кейін шаруаларды мемлекеттік барщинадан босатып, оны ақшалай салықпен алмастырды. Өз иеліктеріндегі жерлердің салығын шаруалар енді жартылай азық-түлікпен, жартылай ақшамен өтеуге тиіс болды. Ашар-шылыққа жол бермеу үшін Ван Ань-ши мемлекеттік қамбалар ұйымдастырды. Онда сақталатын егін ашаршылық бола қалғанда халыққа үлестірілетін. Өсімқорлықты шектеу мақсатымен Ван Ань-ши мемлекеттік банктер ашқызды. Шаруалар сол банктерден өкімет белгілеген өсіммен қарыз алатын болды. Ван Ань-ши сауданы толық мемлекет қарамағына алуға сəтсіз əрекет жасады. Ол сонымен қатар əскерде де үлкен өзгерістер енгізбек болды. Ол жалдамалы армияны жойып, жалпыға бірдей əскери міндеткерлік енгізді. Əр үш отбасы бір жаяу əскер, əрбір он отбасы бір атты əскер жасақтап беруге тиіс болды. Ван Ань-шидің бұл шаралары шенеуніктер мен феодалдардың наразылығына əкелді. 1075 ж. ол қызметінен босатылды. Оның шаралары арамтамақтарды құртып, феодалдық мемлекетті нығайтуға бағытталса да «ел үшін қауіпті» деп табылды. Ван Ань-ши реформалары жойылғанымен Сун империясы нығайып кетпей, керісінше,құлдырай түсті. 1127—1132 жж. ірі-ірі 93 көтеріліс болды.





sdamzavas.net - 2017 год. Все права принадлежат их авторам! В случае нарушение авторского права, обращайтесь по форме обратной связи...