Главная Обратная связь

Дисциплины:






Сасанилердің сыртқы саясаты



224 (226) ж. Парфяндар əулетін құлатып, билікке келген парсылық Сасанилер əулетінің негізін қалаушы Ардашир [224(226) —241] болды. Ол əулеттің билігі кезінде, яғни 224—651 жж. Иранның халықаралық аренадағы шоқтығы биіктей түсті. Иран бұл кезде Риммен, кейін, ІV—VІІ ғасырларда Византиямен қырқысқан соғыстар жүргізді. Ардашир оңтүстіктегі Фарс облысындағы княздердің бірі болатын. Таққа отырған соң ол Ктесифон қаласын астанаға айналдырды. Ардашир билікке заратуштра (зороастризм) дінбасыларының қолдауымен келді. Сасанилер патшалығы бір орталыққа бағындырылған мемлекет болды. Ел олардың тұсында 18 сатраптыққа бөлінді. Əр сатрап басында губернатор тұрды. Губернаторды патша өзі тағайындап

отырды. Иран Риммен, кейін — Византиямен Қара теңіз жағасы үшін күрес жүргізді. І Шапур тұсында (241—272) парсылықтар жеңіске жетіп, Кіші Азияны басып алды. 256 ж. Антиохия басып алынды. 260 ж. Рим əскері талқандалып, император Валериан тұтқынға түсті. Иран əскерінің онан əрі жылжуын арабтық Пальмира патшасы Одейната қарсылығы тоқтатты. 266—272 жж. патшалық құрған Одейнатаның əйелі Бат-Заббай Римге қарсы көтеріліс жасап, бүкіл Кіші Азия мен Египетті басып алды. Бірақ 272 ж. Бат-Заббайдың əскері Рим императоры Аврелианның əскерінен жеңілді. 273 ж. римляндар Пальмираны біржолата құртып жіберді. Рим əскері 283 ж. Сасанилер астанасына дейін жетті. Оны басып ала алмады. 298 ж. парсылықтар Нисибин түбінде тағы да рим əскерінен жеңілді. Нисибин шарты бойынша Армения мен Месопотамияның солтүстігіндегі 5 провинция Римнің қол астына көшті. Иран-рим соғыстарының жаңа кезеңі ІІ Шапур (309—373) тұсында басталды. Ол алдымен парсы шығанағындағы Бахрейінді басып алды. Иран мен Рим қатынастарының сипатына христиан дінінің тарауы елеулі ықпал етті. ІV ғасырдың басында Грузияда, Армения мен Солтүстік Əзербайжанда христиан діні қабылданды (301—303 жж.). Арменияның христиан дінін қабылдауы оны Риммен байланысын нығайтуға итермеледі. Армения халқының бір бөлігі Римді, христиандықты қолдаса, бір бөлігі Иранға бағыт ұстанды. 338 ж. ІІ Шапур Риммен соғысты қайта жалғастырып, Армения мен солтүстік Месопотамияға басып кірді, 363 ж. Иранға жасаған сəтсіз жорығы кезінде Рим императоры Юлиан өлді. Оның орнына таққа отырған Иовиан Иранмен бітім шартын жасады. Ол шарт Иран үшін тиімді болды. Грузия мен Арменияның шығыс бөліктері Иранның қол астына көшті (387 ж.). V ғасырда Иран мен Шығыс Рим империясы — Византия арасында тыныштық болды. Ол екеуі енді солтүстіктен қауіп төндірген ортақ жау — гунн көшпелі тайпаларына қарсы күреске бірікті. Христиандарды қудалау V Бахрам Гур (421—438) тұсында қайта жалғасты. Бұл кезде солтүстік пен солтүстік-шығыстан көшпелілер шабуылы күшейді. V Бахрам Мерв (Мары) түбіндегі шайқаста эфталиттерді жеңіп, Сасанилер державасының шекарасын Амударияға дейін жылжытты. ІІ Иездигерд (438—457) тұсында Армениядағы үстемдікті нығайтып, онда зороастризмді таратуға күш салынды. Армения автономиясына қастандық көтеріліске əкеп соқты. Армяндарға Византия көмектесе алмады. Көтеріліс 451 ж. басылды. Бірақ Армения автономиясы мен христиан дінін ұстану құқын сақтап қалды. ІІ Иездигерд өлген соң екі жылдай таққа талас жүрді. 458 ж. таққа оның баласы Пероз (458—484) отырды. Көшпелі эфталиттер Хорасанның жартысын басып алды. Оларға қарсы екінші рет жасалған жорық тағы да сəтсіз аяқталды. Иран əскерлері талқандалып, Пероз қаза тапты. Сасанилер əскері шығыстағы жорықтарда жүргенде Закавказье халқы Иранға қарсы көтеріліске шықты. Оны Картли патшасы Вахтанг Горгасал мен армян батыры Ваган Мамиконян басқарды. Ол көтеріліс Пероздың мұрагері Валаш (484—488) шахиншахтың тұсында тоқтады. Валаш Картлидің, Арменияның жəне Албанияның (Дағыстан) басшыларымен бітім шартын жасады. Шарт бойынша Иран ол елдердің автономиясын мойындап, христиан дінін қудалаушылығын тоқтатты.



 





sdamzavas.net - 2017 год. Все права принадлежат их авторам! В случае нарушение авторского права, обращайтесь по форме обратной связи...