Главная Обратная связь

Дисциплины:






Мұхаммед Хайдар Дулати және «Тарихи-Рашиди» еңбегінің тарихи, мәдени құндылығы



Дулати Хұсайынұлы Мұхаммед Хайдар (1499-1551) - әйгілі тарихшы, әдебиетші, Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаханнама» дастанының авторы, Жетісу жеріндегі ежелгі Дулат тайпасыәмірлерінің ұрпағы. Оның толық аты-жөні – Дулат Мұхаммед Хұсайынұлы Мырза Мұхаммед Хайдар. Мұндағы «Мұхаммед Хайдар» - өз аты, «Мұхаммед Хұсайын» - әкесінің аты, «мырза» - текті әулеттің тұқымы екенін білдіретін атау (хан балаларының ханзада, сұлтан аталатыны секілді), «дулат» - шыққан тайпасының аты.Мұхаммед Хайдардың ата – бабалары кезінде Моғолстан мемлекетінің құрамына енген қазіргі Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Қырғызстанжәне Шығыс Түркстан жерлерінде ұлысбегі, тархан қызметтерін атқарған, өздерінің мұрагерлік иеліктері – Маңлай-Сүбені дербес басқарған. Өз әкесі Мұхаммед Хұсайын Моғолстанның Жүніс ханының күйеу баласы, Ташкентті билеген. Оны кейін Әмір Темірдіңнемересі Мұхаммед Шайбани хан өлтірген. Анасы Хуб-Нигар ханым – Жүніс ханның қызы. Бұл ретте Мұхаммед Хайдар Моғолстанның Сұлтан Саид ханмен және Үндістандағы баласы Ұлы Моғолдар әулетінің негізін қалаушы Захираддин Мұхаммед Бабырмен бөле. Әкесі өлгеннен кейін Мұхаммед Хайдар біраз уақыт осы Бабырдың қолында тұрады. Содан кейін Бабырдың рұқсатымен Сұлтан Саид ханға келіп, оның Қашқардағы сарайында тұрып, сарай қызметін басқарады. Саид ханның Әбубәкірге қарсы соғыстарына қатысады. Жан-жақты білімді, сарай қызметін жетік білетін адам ретінде ханның мұрагер баласы Әбу ар-Рашид сұлтанның тәрбиешісі болады.

«ТАРИХИ РАШИДИ» – «Рашидтің Тарихы» – 1499 – 1551 жж. өмір сүрген тарихшы, мемлекет қайраткері. Мұхаммед Хайдар Мырза Дулатидің еңбегі. «Тарихи Рашиди» 1541 – 46 жж. аралығында Кашмир өлкесінде жазылған. Еңбекте 14 ғ. ортасынан 16 ғ. 40-шы жылдарына дейінгі Моғолстанның, Шығыс Түркістанның тарихы баяндалады. Сондай-ақ, «Тарихи Рашидиде» 14 – 16 ғ. Қазақстан, Орта Азия, Ауғанстан, Солтүстік Үндістан, Тибет тарихына қатысты құнды көптеген мәліметтер бар. «Тарихи Рашиди» парсы тілінде жазылған шығарма. Ол екі бөліктен (дафтар) тұрады және 1541/42 жылы екінші бөлік, ал 1546 ж. бірінші бөлік жазылған. Бірінші дәптер хронологиялық жағынан алғанда Моғолстан мен ҚашқариядағыТоғылық Темір ханнан (1347/48 – 1362/63 жж. билік құрған) Рашид ханға (1533 билікке келген) дейінгі кезеңді қамтиды. 70 тараудан тұратын бірінші дәптер тарихи баяндау түрінде жазылған. Екінші дәптер мемуарлық сипатта жазылып, автордың дүниеге келген кезінен 1541/42 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл дәптер 117 тараудан тұрады, көлемі жағынан бірінші дәптерге қарағанда 4 есе көп. Кітаптың «Тарихи Рашиди» деп аталуының үш себебі болған: 1) Тоғылық Темір ханды ислам дініне енгізген Аршададдин шейхтың құрметіне; 2) Тоғылық Темір ханның өз халқын дұрыс жолмен (Рушд) бастап жүргенінің құрметіне; 3) Сол кездерде Қашқарда билік құрып отырған Абдрашид ханның құрметіне арналған. «Тарихи Рашидидің» тарихи және мемуарлық бөліктерінде Моғолстандағы Шағатай әулеті билеушілерінің тарихы жүйелі түрде баяндалады, дулат тайпасы әмірлерінің өміріне қатысты тарихи жәйттер суреттеледі. Сондай-ақ, Орта Азияда Темір әулетінің құлап, Шайбанилық әулеттің орнығуы, Сұлтан Сайд ханның Қашқарға баруы мен онда билікке келуі, моғол хандарының көрші аймақтарға жорықтары, моғол хандарының Қазақ хандығымен, Шайбанилар әулетімен қарым-қатынастары және т.б. көптеген мәселелер қарастырылады. «Тарихи Рашиди» еңбегінің ортағасырлық Қазақстан тарихы үшін маңызы өте жоғары. Алғаш рет бұл еңбекте 15 ғ. ортасында Қазақ хандығының Шу өзені бойымен Қозыбасы тауы аралығында құрылғандығы, 15 ғ. ортасынан 15 ғ. 30-шы ж. аяғына дейінші Қазақ хандығының қысқаша саяси тарихы баяндалады. «Тарихи Рашиди» еңбегінің деректеріне моғолдар арасында Шағатайлық хандарға, дулат әмірлеріне қатысты кең таралған тарихи аңыз-әңгімелер, автордың өзі көріп, қатынасқан оқиғаларды баяндауы, сондай-ақ, тарихшылар: Йаздидің, Рашид ад-Диннің, Қаршидің, Йақуттың, Жувейнидің, Абдразақ Самаркандидың еңбектеріндегі мәліметтер негіз болған.



«Тарихи Рашиди» Шығыста кең тараған және танымал болған шығарма. Көптеген ортағасырлық авторлар: Амин бен Ахмед Рази, Хайдар бен Али Рази, Махмуд бен Уәли, Шах Махмуд Уорас, Мұхаммад Қасим Фиришта және т.б. Орталық Азия, Шығыс Түркістан, Үнді, Ауғанстан тарихына қатысты тарихи, географ. мәліметтерді «Тарихи Рашидиден» алған.

«Тарихи Рашидидің» нұсқалары әлемнің көптеген қалаларының қолжазбалар қорында, ТМД елдері ішінде Санкт-Петербург, Ташкент, Душанбе қалаларында сақтаулы. Еуропағалымдары ішінде «Тарихи Рашидидің» деректерін В.Эрскин 19 ғ. ортасында пайдаланса, Денисон Росс 1895 ж. алғаш рет еңбекті ағылшын тіліне аударып, баспадан шығарады. Орыс тілінде «Тарихи Рашидидің» деректерін бірінші рет ХІХ ғ. ортасында В.В. Вельяминов-Зернов өз еңбегінде қолданады. «Тарихи Рашидидің» орыс тіліндегі толық ғыл. аудармасы 1996 ж.Ташкентте, 1999 ж. Алматыда жарыққа шықты.

 





sdamzavas.net - 2019 год. Все права принадлежат их авторам! В случае нарушение авторского права, обращайтесь по форме обратной связи...