Главная Обратная связь

Дисциплины:






КІЛЕТТІ ОРГАНДАРҒА БАҚЫЛАУ



Салық қызметі органдары мүлікке, көлік құралдарына салынатын салықтардың және жер салығының, сондай-ақ бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің дұрыс есептелуі, толық өндіріліп алынуы және уақтылы аударылуы мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі осы баптың мақсаты үшін – уәкілетті мемлекеттік органдар) қызметін бақылауды жүзеге асырады.

Салық қызметі органдарының уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша тексеруді тағайындау туралы шешімі уәкілетті органдардың бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің дұрыс есептелуі, толық өндіріліп алынуы және уақтылы аударылуы мәселелері бойынша бақылауды жүзеге асыру үшін негіз болып табылады, шешім мынадай деректемелерді:

1) шешімнің салық қызметі органдарында тіркелген күні мен нөмірін;

2) тексерілетін уәкілетті мемлекеттік органның толық атауын және сәйкестендіру нөмірін;

3) тексеру тағайындау негіздемесін;

4) тексеруді жүзеге асыратын салық қызметі органдарының лауазымды адамдарының, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес бақылау жүргізуге тартылған басқа да мемлекеттік органдар мамандарының лауазымын, тегін, атын, әкесінің атын (олар болған жағдайда);

5) тексеру жүргізу мерзімін;

6) тексерілетін кезеңді;

7) басқа міндетті төлемнің түрін;

8) шешімді алғаны және онымен танысқаны туралы уәкілетті мемлекеттік органның белгісін қамтиды.

Аталған шешім тексеру басталғанға дейін тексеру тағайындау туралы актілерді статистикалық есепке алу және бақылау органында мемлекеттік тіркелуге тиіс.

Тексеру тағайындау туралы шешімде көрсетілген салық қызметі органдарының лауазымды адамдары, осы Кодекске сәйкес тексеру жүргізуге тартылған өзге де тұлғалар және уәкілетті мемлекеттік органдар тексеруге қатысушылар болып табылады.

Уәкілетті мемлекеттік органдар бақылауды жүзеге асырған кезде салық қызметі органдарына бақылау жасау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді алуына, салық қызметі органдарының лауазымды адамдарының салық салу объектілерін зерттеп-тексеруге кіруіне жәрдем жасайды.



Бұл ретте уәкілетті мемлекеттік органдардың тексеруі басқа міндетті төлемнің бір түрі сияқты бірнеше түрі бойынша бір мезгілде жүргізілуі мүмкін.

Тексеру жүргізу мерзімі уәкілетті мемлекеттік органға тексеру тағайындау туралы шешім тапсырылған күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс. Тексеруді тағайындаған салық қызметі органы көрсетілген мерзімді елу жұмыс күніне дейін ұзартуы мүмкін.

Тексеру жүргізу мерзімінің барысы уәкілетті мемлекеттік органға салық қызметі органының құжаттарды беру туралы талаптарын тапсыру күні мен уәкілетті мемлекеттік органның тексеру жүргізу кезінде сұрау салынған құжаттарды табыс ету күні арасындағы, сондай-ақ салық қызметі органының басқа аумақтық салық органдарына, мемлекеттік органдарға, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға және Қазақстан Республикасы аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға сұрау салуы жіберілген күн мен аталған сұрау салу бойынша мәліметтер мен құжаттарды алған күн арасындағы уақыт кезеңіне тоқтатыла тұрады

Тексеру мерзімін тоқтата тұрған (қайта бастаған) кезде салық қызметі органдары тексеру мерзімін тоқтата тұру (қайта бастау) туралы уәкілетті мемлекеттік органды тоқтата тұру (қайта бастау) күндерін және тоқтата тұру (қайта бастау) қажеттігінің негіздемесін көрсете отырып жазбаша түрде хабардар етеді.

Тексеру аяқталған кезде салық қызметі органының лауазымды адамы:

1) тексеру жүзеге асырылған жерді, бақылау актісі жасалған күнді;

2) салық қызметі органының атауын;

3) тексеруді жүргізген салық қызметі органының лауазымды адамдарының лауазымдарын, тектерін, аттарын, әкелерінің аттарын (олар болған жағдайда);

4) уәкілетті мемлекеттік органның толық атауын және сәйкестендіру нөмірін;

5) уәкілетті мемлекеттік орган басшысының және лауазымды адамдарының тектерін, аттарын, әкелерінің аттарын (олар болған жағдайда);

6) олардың келісімімен және қатысуымен тексеру жүргізілген уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамдарының лауазымдарын, тектерін, аттарын, әкелерінің аттарын (олар болған жағдайда);

7) алдыңғы тексеру және бұрын анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қолданылған шаралар туралы мәліметтерді;

8) жүргізілген тексеру нәтижелерін көрсете отырып бақылау актісін жасайды.

Бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің дұрыс есептелуі, толық өндіріліп алынуы және уақтылы аударылуы мәселелері бойынша бақылаудың нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған кезде салық қызметі органдары Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы талап қояды.

Салық қызметі органының уәкілетті мемлекеттік органға оның бақылау актісінде көрсетілген бұзушылықтарды жою қажеттігі туралы қағаз жеткізгіште жіберген хабарламасы Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықты жою туралы талап (бұдан әрі – талап) болып танылады. Талап нысанын уәкілетті орган белгілейді.

Талапта:

уәкілетті органның толық атауы;

сәйкестендіру нөмірі;

талапты жіберу үшін негіз;

талап жіберілген күн;

уәкілетті орган бюджетке өндіріп алуға жататын сома көрсетіледі.

Талап тексеру жүргізілетін уәкілетті мемлекеттік органның бірінші басшысына (бірінші басшының орнындағы адамға) бақылау актісін табыс еткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей оның жеке қолын қойғызып не талаптың жіберілгенін және оны алғанын растайтын өзге тәсілмен жіберілуге тиіс.

Талапты уәкілетті мемлекеттік орган оны табыс еткен (алған) күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде орындауға тиіс.

Бақылаудың нәтижесі бойынша анықталған салық берешегі сомаларын өндіріп алуды басқа міндетті төлемдердің бюджетке есептелуінің, толық өндіріліп алуының және дер кезінде аударылуының дұрыстығы үшін жауапты уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.

Уәкілетті мемлекеттік органдар басқа міндетті төлемдердің бюджетке есептелуінің, толық өндіріліп алуының және дер кезінде аударылуының дұрыстығы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

 





sdamzavas.net - 2019 год. Все права принадлежат их авторам! В случае нарушение авторского права, обращайтесь по форме обратной связи...