Главная Обратная связь

Дисциплины:






ХІҮ-ХҮ ғғ. Қазақстан экономикасы мен мәдениеті



ХIV-ХV ғасырларда Қазақстан жеріндегі халықтардың өмірінде бір хандықтар тарап, екінші хандықтар құрылып, шексіз өзгерістер болып жатқанына қарамастан, халық ертеден келе жатқан ата кәсібі – мал шаруашылығымен дәйекті шұғылданған. Оның отырықшы, көшпелі және жартылай көшпелі түрлері болды. Отырықшы мал шаруашылығы оңтүстікте, Сыр бойының күнгей беттерінде дамыды. Маңғыстау, Арал аймақтарын мекендеген ел бүкіл жыл бойы жайылымнан жайылымға үздіксіз көшіп жүрген. Мал шаруашылығының кең тараған дәстүрлі түрі жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан шаруалар ішінара егін егіп, малдың қысқы азығын дайындауды әдетке айналдырды. Көп жерлерде қой мен жылқы өсіру басты орын алса, оңтүстік пен оңтүстік шығыстағы отырықшылық жерлерде табындап мүйізді ірі қара өсірілді. Малдан түсетін өнімдер көшпелілердің киім мен тұрмыс заттарына сұранымын қанағаттандырып отырды. Кейбір жекелеген қолөнер шеберлері аса күрделі бұйымдарды – аттың ер-тоқымының металл әшекейлерін, қару-жарақ : семсер, сүңгі, садақ, оқ, арба және т.б келістіріп жасады.ХIV-ХV ғасырларда өндіргіш күштердің дамуы Қазақстанның оңтүстігінде ескі қалалардың қалпына келтіріліп, жаңа қалалардың пайда болуына, мәдениеттің өркендеуіне жол ашты. Оңтүстіктегі ірі қалалардың бірі – Тараз, елдің экономикалық мәдени тұрмыс тіршілігіне елеулі ықпал жасады. Онда күмістен теңге құйылып, әшекейлі бұйымдар, өрнектелген ыдыс-аяқтар жасалды. Сырдария мен Арыс алқабында жиырмадан астам қала болған. Сырдың сол жағасында Асанас, Үзкент, Аққорған, Сүткент сияқты қалалар бой көтерді. Ақ Орданың астанасы Сығанақ ірі сауда-егіншілік орталығы және мықты бекінісі бар қамал ретінде көзге түсті. Түркістан, Батыс Моғолстан және Темір ұрпақтары мемлекетінің тоғысқан жеріндегі Сайрам қаласы ірі сауда, қолөнер орталығына айналды.Орталық Қазақстанда Сарысу, Кеңгір, Торғай өзендерінің алқаптары мен Бетпақдаладағы ХIV-ХV ғасырларда өзіндік ерекшеліктері бар Алаша хан, Жошы хан, Болған-ана мазарлары да өздерінің көркемдік стилімен ерекшеленеді. Осы тұста жаңа архитектуралық стильдің қалыптасуы, құрылыста жаңа әшекей өрнектер түрлерінің, қаптама материалдарының пайда болуы көптеген қалаларда көрнекті ғимараттардың бой көтеруіне мүмкіндік берді. Солардың бірі – Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауидің мазары. Отырар, Тараз, Сауран, Жент және басқа қалаларда салынған медрессе, мешіттер Сығанақ маңындағы Шайбани тегінен шыққан дала хандарының әшекейлі мазарлары өздерінің қайталанбас бітімімен көз тартатын құрылыстар.ХIV-ХV ғасырларда Қазақстанда сауда-саттық кеңінен дамыды. Мұнда Орта Азиядан Жетісу арқылы Алтайға және Моңғолияға баратын сауда жолы маңызды рөл атқарды. Сондай-ақ, Еуропа елдері мен Византия, Қырым арқылы өтіп, одан әрі Танға (Донның төменгі ағысы), Еділ бойындағы Сарайға, Әмудариядағы Үргенішке, Қызылқұм арқылы Отырар мен Сайрамға баратын, сол жерде ежелгі "Жібек жолына" келіп қосылатын сауда жолы да, экономикалық қарым-қатынас пен сауда-саттықтың өркендеуіне зор әсерін тигізді. Моңғолдар үстемдік еткен кезде Дешті Қыпшақ түркі әлеуметінің дамуына Алтын Орданың Еділ жағалауындағы, Хорезмдегі, Қырымдағы мәдени ошақтардың маңызы зор болды. Жошы ұлысының шығыс бөлігінен шыққан белгілі ғалым, әдебиетші Ахмет Хорезми өзінің "Махаббат наме" деген шығармасын жазды. Өзбек хан тұсында, ХIV ғасырдың 30-жылдарында Алтын Орданың түркі тілді әдебиетінің әйгілі ескерткіші – Құтыбтың "Хұсрау мен Шырын" поэтикалық шығармасы жарық көрді. ХIII-ХV ғасырларды ауызекі шығармашылығы күшті дамыды. Қыпшақтар мен басқа да түрік тайпаларының өркен жайған ауызша поэзиясы болды. Көркем сөздің нағыз шебері болған Сыпыра жырау мен Қодан тайпашы (ХIVғ.), Асан қайғы мен Қазтуған (ХV-ХVI ғғ.) жыраулардың шығармашылығы кеңінен танылып, олар шығарған тарихи шындықты бейнелейтін батырлар жыры халық зердесінде сақталды. Алтын Орда мен Дешті Қыпшақ халқының тарихын бейнелейтін "Ер тарғын", "Қамбар батыр", "Алпамыс батыр", "Қобыланды батыр", "Едіге батыр" және басқа жырларды солардың қатарына жатқызуға болады. Сол тұста туған "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" лирикалық эпосы да халықтың рухани қазынасындағы шығармалардың бірі. Бұл кезде Қазақстанның Оңтүстік аймағындағы отырықшы халықтар арасында ислам басты дінге айналды, "Яссауйя", "Нахшбандия" сопылық ағымдарының әсері күшейді. Сонымен бірге, көшпелі халықтар ішінде ескі шамандық пен ата-бабалар рухына табыну қалдықтары да сақталып қалды.





sdamzavas.net - 2020 год. Все права принадлежат их авторам! В случае нарушение авторского права, обращайтесь по форме обратной связи...