Главная Обратная связь

Дисциплины:






Абылайхан, оның ішкі және сыртқы саясаты



 

Абылай төре тұқымынан, өз аты Әбілмансұр. Ол 1712 жылы дүниеге келеді. Жас кезінде көп қиыншылық, жоқшылық көрген. Төле бидің малын баққан. Абылайдың қазақ халқының тәуелсіздігі үшін қажырлы күрескерлік қасиеті, ерлігі 1729 жылы Аңырақайда жоңғарларға қарсы соғыста айқын көрінеді. Жоңғарлармен шешуші шайқас жүріліп жатқан кезде “Абылайлап” жауға шауып ерлік жасайды. Осыдан былай ол “Абылай” деп аталып кетеді.

Абылай жас кезінде Орта жүздің ханы Әбілмамбеттің жанында кеңесші сұлтан ретінде Орта жүз хандығының ішкі, сыртқы саясатын айқындауға, оны жүзеге асыруда үлкен рөл атқарады. Ол өзінің қабілеттілігінің арқасында ханмен бірдей дәрежеде болады. Сондықтан да жекелеген тарихшылар Абылайды орта жүзге 40 жыл хан болды деп есептейді. 1771 жылы Әбілмамбет хан қайтыс болған соң Орта жүздің игі жақсылары Абылайды Әзірет Сұлтан мешітінде ақ киізге көтеріп хан сайлайды. Абылай осы кезден бүкіл қазақтың ханы деп есептеле бастайды. Оның билігі Ұлы және Кіші жүзге де жүреді. Абылай 1740 жылы Әбілмамбет ханмен бірге Орынборға барып Ресей тағына адал болу туралы ант береді. Ал енді Абылай орта жүз ханына сайланған соң патша үкіметі онан хан ретінде ант алуды көздейді. Бірақ Абылай өзін қазақ халқы хан етіп сайлағанын бетке ұстап патша үкіметіне ант беруден бас тартады. Қазақ даласындағы Абылайдың беделі патша үкіметінің оны Орта жүздің ханы деп мойындауына әсер етеді. Абылай 1781 жылы қайтыс болады.

Абылайдың бүкіл қазақтың ханы ретінде ұстанған ішкі саясаты шетел басқыншыларына қарсы бүкіл қазақ халқының басын біріктіруге байланысты болды. Ол Тәуке хан бастаған сұлтандардан, ру басшыларының жеке даралығына қарсы күрес жүргізіп едәуір нәтижелерге қол жеткізеді.

Абылай ханның сыртқы саясаты Ресей, Жоңғар, Цин империясының Қазақстандағы саясатына сай жүрілді. Абылайхан Ресей тағына хан ретінде ант бермегенімен онан алыстап кетпеді де, бодандыққа байланысты Ресейдің жүргізген саясатын жүзеге асырмады. Абылай хан Цин империясының да бодандығын мойындады. Ол Ресей мен Қытайға бодандықты қазақ халқының мүддесі үшін пайдаланды, қазақ халқының мүддесіне қайшы қадамға бармады. Бұл саясат нәтиже берді.



Абылай ханның сырт саясатындағы маңызды бағыты жоңғарларға байланысты болды. Абылай елуінші жылдары қазақ жерлеріне қоныс тепкен жоңғарларды оңтүстік өлкеден қуу соғысын ұйымдастырды. Қытай армиясының шапқыншылығынан жоңғар мемлекеті әлсіреген кезде Абылай хан жоңғар хунтайшыларының азаттық қозғалысын қолдап жоңғар ісіне араласты.

Сөйтіп қазақ халқының басына түскен ауыр жылдары Абылай хан жүргізген көреген саясат қазақ елінің тәуелсіздігін, елін, жерін сақтап қалуда үлкен рөл атқарды.

 

3. Қазақтардың Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысуы

 

1773-1775 жылдары Ресейде Дон казагы Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі болды. Ол өз сыбайластарының көмегіне сүйеніп өзін ІІІ Петр патша деп жариялады. Пугачев патша үкіметіне қарсы басыбайлылықты жою үшін күресті. Басыбайлылықтан зардап шеккен шаруалар оның маңына топтасты. Ол қазақтарға арнап манифест жариялады. Онда қазақтарға жер беремін, ешкімге жәбірлетпеймін деген уәде берді. Ресей отаршылдығынан зардап шегіп жерінен айрылған қазақтар Пугачев көтерілісіне қатысу арқылы патша чиновниктері тартып алған жер жайылымдарын қайтарып алмақ болды. Сондықтан Кіші және Орта жүздің қазақтары көтеріліске белсене қатысты. Пугачев өз сарбаздарымен Орынбор қаласын қоршайды. Бұл қоршауға 6000 қазақ қатысты деген мәлімет бар. Орынборды ала алмаған Пугачев Қазан, Саратов қалаларын қоршайды, бұған да қазақтар қатысты. Пугачев бастаған қозғалыс 1775 жылы қаңтар айында жеңіліске ұшырап Пугачев дарға асылды.

Пугачев бастаған шаруалар қозғалысына қазақтардың қатысуы олардың патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы тұңғыш рет бас көтеруі еді. Пугачев көтерілісі қазақ халқының алдағы уақыттарда ұлт-азаттық қозғалысында жалғасын тапты.

 





sdamzavas.net - 2020 год. Все права принадлежат их авторам! В случае нарушение авторского права, обращайтесь по форме обратной связи...